Бокстан Екатеринбургте өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Біріншілікте ел қоржынына бір алтын, бір күміс, төрт қола медаль түсті, деп жазады Prosports.kz.

Дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысқан қазақ боксшысы Бекзат Нұрдәулетов жарыстағы ең ірі сенсацияның авторы атанды десек артық болмас. 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен 21 жастағы боксшымыз 1/2 финалда 2016 жылы Риода өткен Олимпиада чемпионы, төрт мәрте жаһандық біріншілікте топ жарған Хулио Ла Крузды екінші раундта нокдаунға жіберіп, финалға өткен болатын. Ал шешуші жекпе-жекте өзінің құрдасы өзбекстандық Диолшодбек Рузметовты айқын жеңді. Ел қоржынына жалғыз алтынды жас боксшымыз салды.

Ресейдегі жарыста топ жаруға 91 келіден жоғары салмақта жұдықтасқан Қамшыбек Қоңқабаевта мүмкіндік болған еді. Үмітсіз - шайтан, әйткенмен, финал алдында қазақ боксшысының қарсыласы өте мықты екенін жақсы түсіндік. Өзбекстандық Баходир Жалоловты әуесқой дегеннен гөрі, кәсіпқой боксшы деуге болады. Бір емес, кәсіпқой бокста жеті жекпе-жек өткізген. Түсінбейтін бір дүние бар: турнир әуесқойлар арасындағы әлем чемпионаты. Бірақ жарысқа тәжірбиелі кәсіпқой боксшы қатысады. Логика қайда? Кәсіпқой мен әуесқой боксшының арасында айтарлықтай айырмашылық болатынын ширек финалда Баходирдің өзі айқын көрсетіп берді. Бірінші раундта қарсыласы америкалық Ричард Торресті ауыр нокаутқа жіберді. Нәтижесінде Торрес ауруханадан бір-ақ шықты.