Дзюдодан Жапонияда өтіп жатқан әлем біріншілігінің ерлер арасындағы бәсекесінде 66 келі салмақ дәрежесі бойынша Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжанов қарсыластарымен кездесті, деп хабарлайды, Prosports.kz.

Токио төріне төселген татамиге алғашқы болып Ерлан Серікжанов шықты. Ниджат Шихализадамен белдескен Ерлан қарсыласының қарымын байқап көрді. Алдымен әзірбайжандық спортшы 1 вазари алған, іле-шала Ерлан да жартылай жеңіске қол жеткізді. Алайда Golden Score қосымша уақытында Шихализада иппон әдісімен жеңіске жетті. Елдос Жұмақанов болгариялық Божидар Темельковпен белдесті. Негізгі уақытта үш рет шидо алған жерлесіміз, әлем чемпионатын мерзімінен бұрын аяқтады. Елдосқа хансуки, яғни тікелей ескерту жасалды.

Еске сала кетелік, бүгін татамиге 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Анна Казулина да шыққан болатын. Ол вьетнамдық қарсыласына есе жіберді. Сөйтіп, қазақстандық дзюдошылар бүгінгі белдесулерін аяқтады.