Қазақстан чемпионатының 24-тур ойындары аяқталды. «Ордабасы» мен «Шахтер» матчының аяқ жағы дауға ұласты. «Астанадағы» Дидар Жалмұқан «Таразға» тамаша доп соқты. Алматылық «Қайрат» «Оқжетпестен» өз алаңында ұтылды.

Сенбіде шымкенттік «Ордабасы» қонаққа келген «Шахтерды» тізе бүктірді. Көбі төрешінің көмегімен тізе бүктірді дейді. Матчта екі пенальти орын алды. Екеуі де «кеншілердің» қақпасына. Алғашқысы - даусыз. 90+6 минуттағы төрешінің шешімі елдің күдігін туғызды. Есеп - 2:2. «Шахтердың» ойыншысы айып алаңына жетпей допты сыртқа теуіп жіберді. Футбол снарядымен қоса, артынан сытылып шыққан қарсылас футболшысына да аяғы тиіп кетті(видеода анық көрінбейді). Видеоны анықтап қарасақ, «Ордабасы» ойыншысы «Шахтер» футболшысының аяғына барып өзі соқтықты деген дұрыс болар(қарсыласта шаруасы жоқ, допты тепкен). Төреші қонақтар футболшысы жаза басты деп бірден шешім шығарды. Қарағандылықтар ызаға булығып, бас қазыға тұра ұмтылды. Алаң жиегінде тұрған тәртіп сақшылары төрешіні қорғамағанда не боларын елестету қиын. Шешім өзгертілмеді. Пенальтиді Абдуллай Диакате сәтті орындап, «Ордабасыға» жеңісті алып келді.

Маусым басында әр матчта дерлік бірнеше мәрте түсініксіз шешімдер қабылдап, бастары дауға қалғаннан кейін, төрешілердің жұмысына соңғы кездері көп сын айтыла қоймаған. Енді, маусым аяғына таяған тұста ескі әдеттеріне басты ма?

Сенбі күні тағы бір ойын өтті. «Тобыл» аутсайдерлердің бірі «Атырауды» жеңіп, көш басына қайта оралды.

«Астана» — «Тараз» 5:0 (1:0)

Голдар: Рангело Янга 18, Дидар Жалмұқан 57, 83, Роман Мұртазаев 59, Марин Томасов 76

«Астана» ҚПЛ-дың тағы бір аутсайдері «Таразды» қонақ етті. Қонақжайлылық танытпады, қақпаларыңа бес доп соға салды. Дидар Жалмұқан маусымдағы үздік голдардың бірін соқты. Роман Мұртазаев 30 метрді қарсылықсыз жүгіріп өтіп, тоғыздықты дәл көздеді. Рангела Янга да қанжығасын майлап кетті. Бұл шабуылшы екінші алтылықтағы командаларға гол соққыш, әйтеуір. «Оқжетпес», «Ертіс», «Тараз».

Жамбылдықтар бірінші айналымда «Астананы» өз алаңында жеңіп, чемпиондардың әбден ызасын тудырған секілді. Себебі, екінші айналымда 4:0 есебі тіркелді, бүгін 5:0.

«Астана» көш басындағы «Тобылдан» екі ұпай қалып тұр. Бірақ бір ойын кем өткізген. Сол матчты жеңсе, елордалықтар бірінші орынға шығады.

«Қайсар» — «Жетісу» 0:2 (0:1)

Голдар: Ненад Адамович 22, Мантас Куклис 79

Дмитрий Огайдың жігіттері бабында. Соңғы бес матчта қарсыластарын ұтумен келеді. «Қайсарды» жеңіп, талдықорғандықтар алғашқы төрттіктен әлі де дәмелі екендерін көрсетті. Төртінші орындағы «Ордабасыдан» бес ұпай ғана қалып тұр. Алда әлі 9 тур бар. Дегемен, «Жетісу» тұрақсыз команда. Келесі бес ойынның бәрінде ұпай жоғалтып шықса, аса қатты таңқалмаймыз.

«Қайсардың» бар күткені Қазақстан кубогының финалы. Ішкі біріншілікке қолды бір сілтеді. «Кімге ұпай керек? - Мархабат! Тіпті, Қызылордадан алып кетсеңіздер болады».

Әр матч сайын қызу қолдау көрсететін жанкүйерлеріне «Қайсар» футболшыларының түкіргені бар ма, қалай? Кубоктың финалында аяқ асты «Атыраудан» ұтылып қалса, Стойчо Младенов пен футболшылары не деп ақталар екен? Бірақ, түкіргені бар шығар.

«Ақтөбе» - «Ертіс» -1:1(0:0)

Голдар: Марко Станоевич 63 (0:1), Абат Айымбетов 85 (1:1).

Ақтөбеде аутсайдерлер дербиі өтті. «Ақтөбенің» Бірінші лигаға кететіні түсінікті. «Ертіске» ҚПЛ-да қалуға мүмкіндік бар. Павлодарлықтар ойында есепті алғаш болып ашып алған. Алайда, Айымбетов маусымдағы оныншы голын дәл осы матча соғуға белді бекем буған екен. Қос команда тең тарқасты. «Ертіс» 19 ұпайымен 10-орында тұр. «Ақтөбе» олардан 14 ұпайға қалып келеді.

«Қайрат» — «Оқжетпес» 0:1 (0:0)

Голдар: Дарко Зорич 6

Еуропа лигасынан шығып қалу, чемпионатта жанкүйерлерді чемпиондықтан үміттендіріп, ақыр-аяғы екінші орынды қанағат тұту. Бұл - «Қайраттың» жылдағы сценрийі. Қолдағаны беріп қоятынына бәрінің еті үйреніп кетті. Күтпеген жерден сүрінеді де, «Астананың» мойнына алтынды тағып береді. «Оқжетпеске» ұтылады деп кім ойлады? Андрей Карпович командасы соңғы екі ойынын өз алаңында өткізді. Екі ойында бір гол да соға алмады. Қақпаларыңа бес доп өткізді. Алматыға келді де «Қайраттан» үш ұпайды алып кетті. Өз обалдарың өздерің дейміз, Андрей Шпилевскийдің шәкірттеріне.