Еурокубокта ел намысын қорғауға жылдағыдай жалғыз «Астана» қалды. Текетірестің төртінші таймында ғана чемпиондарымыз андорралық «Санта-Коломаның» сағын сындырды. Үшінші кезеңде Роман Григорчук баптайын команда футболдағы тағы бір ергежейлі ел санатына жататын Мальта елінің клубы «Валеттамен» кездеседі. Prosports.kz «Астананың» еурокубоктағы келесі қарсыласы жайлы мағлұмат бермек.

«Валетта» клубының 76 жылдық тарихи бар. 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс өршіп тұрған кезде құрылған екен. Соңғы 10 жылда 6 мәрте өз елінің чемпионы атаныпты.

Клубтың былтырғы чемпиондығы қиындықпен келді. Біріншілік қорытындысы бойынша «Хибернианс» командасымен ұпай саны тең болып тұрды. Чемпионды анықтауға қосымша матч керек болды. «Валетта» қарсыласын ойын соңындағы пенальти сериясында ғана ұтып, біріншілікте топ жарды.