Бельгиялық «Остенде» клубының қорғаушысы Жарко Томашевич «Астанаға» ауысады, деп хабарлайды Prosports.kz, сербиялық sportklub порталына сілтеме жасап.

Мәліметке сенсек, Черногория ұлттық құрамасының футболшысы қазіргі командасымен қоштасқан. 29 жастағы спортшы:

- Мен қуаныштымын. «Астана» секілді биік мақсаттар қоя білетін, барлық жағдай жасалған клубқа ауысамын. Бұл менің мансабымдағы алға жасалған қадам - деді.

Айта кету керек, бұл футболшы өз ұлттық құрамасы сапында 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының іріктеу аясында 2016 жылы Қазақстан қақпасына гол соққан.

Сондай ақ, Жарко Томашевич осыған дейін португалиялық «Насьонал», сербиялық «Партизан» клубтарында доп тепкен.

Томашевичтің тарнсфермаркеттегі қазіргі бағасы - 1,2 миллион еуро.

«Астана» кеше ғана Марин Аничичтің клубтан кеткенін ресми мәлімдеген болатын.