Қазақстандық боксшы Әли Балоев ресейлік Евгений Тищенконы жекпе-жекке шақырды.

— Келесі жекпе-жегіме тыңғылықты дайындалу үстіндемін. Мен және командам өз салмағымдағы барлық белбеуді жеңіп алуға қолымыздан келгеннің бәрін істейміз. Кез келген қарсыласқа дайынмын. Тищенкомен жекпе-жек өткізсем қуанышты болар едім, — деп келтіреді Әли Балоевтың сөзін MTK Kazakhstan баспасөз қызметі.

Евгений Тищенко қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. 2016 жылы өткен Олимпиада ойындарының финалында қазақстандық боксшы Василий Левит Евгений Тищенкоға төрешілердің даулы шешімімен есе жіберген болатын.

Айта кетейік, Әли Балоев соңғы жекпе-жегін 6 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен бокс кешінде Хэмилтон Вентурамен жұдырықтасып, төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті.