Жәнібек Әлімханұлы ауыр жарақаттың салдарынан көз жұмған ресейлік боксшы Максим Дадашевтың отбасына қайғырып көңіл айтты, деп жазады Prosports.kz сайты.

28 жастағы спортшының жарақаттан жүрегі шыдас бермеген. Максим Дадашев пуэрторикалық Сабриэл Матиасқа қарсы жекпе-жектен соң есінен талып, дереу ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер боксшының миына қан кеткенін анықтап, оның халі ауыр екенін мәлімдеген болатын.

- Макс бауырымыз қайтыс болыпты. Өте жақсы жігіт еді. Артық әңгімесі жоқ болатын. Бауырмал еді. Жәнібек екеуі бір бапкерде жаттықты. Бір менеджердің қоластында, бір промоутермен жұмыс істесті. Өзі Ресейде жүргенде сендер міне тұрыңдар деп бізге көлігін тастап кетіп еді. Жақсылығын көзі тірісінде қайтарып та үлгермедік. Әйелі мен баласы қалды артында. Соңғы жекпе-жегінде ауыр соққы алып, басына операция жасатқан. Содан оянбады. Бала-шағасын асыраймын деп АҚШ-қа келіп, отбасын асыраушысыз қалдырды. Бокс өте қатал спорт. Туыстарына сабыр берсін! Командамыздың атынан қайғырып көңіл айтамыз!, - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы Instagram парақшасында.

Бұған дейін 13 жекпе-жегінде қарсыласынан басым болған Максим Дадашев алғашқы жеңілісінен соң көз жұмды.