Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде дзюдодан 23 жасқа дейін ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық дзюдо федерациясының ұйымдастыруымен өткен байрақты бәсекеге Астана, Алматы қалалары мен республикамыздың барлық облыстарынан 300-ге жуық татами шеберлері қатысты.

Ерлер және әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесінде бәсеке өтті. 5 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль иеленген қызылордалық спортшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орын  алды, 2 алтын, 1 күміс жүлде қанжығалаған Алматы облысының командасы екінші орыннан көрінсе Шығысқазақстандықтар 1 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлдемен үшінші сатыда жайғсты.

Ал жекелей сында, ерлер арасында 60 келіде Қылыш Еренқайыпов (Қарағанды обл.), 66 келіде Азамат Шайкөзов (Қызылорда обл.), 73 келіде Әлімұхан Орынбаев (Жамбыл обл.), 81 келіде Ерназар Хамзин (БҚО), 90 келіде Мақсат Исақабылов, 100 келіде Нұрым Сәлімгереев, +100 келіде  Еламан Ерғалиев (үшеуі де Қызылорда обл.) алтыннан алқа тағынса, әйелдер арасында 48 келідегі Кәмшат Қарасайқызы (Маңғыстау обл.), 52 келіде Айкүнім Түйтекова (Алматы обл.), 57 келіде  Анна Казюлина (ШҚО), 63 келіде Файза Әділбаева (Атырау обл.), 70 келіде Жанар Қашқын  (Алматы обл.), 78 келіде Мархабат Ақылбаева (Қызылорда обл.), +78 келіде Нұрғайша Нұртаева (ОҚО) жарыс жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ, аталмыш жарыста 1, 2 орындарды иеленген спортшылар Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің диплом, медальдарымен марапатталды.