«Қазақстан барысының» қола белбеу иегері Руслан Әбдразақов «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен кездесті.

«Қайсар» футбол клубының базасында өткен кездесуде «Сыр барысы» футболшыларға чемпионаттың алдағы ойындарына сәттілік тілеп, 5 шілде күні өзі үшін Семейдің «Спартагынан» қарымта қайтарып беруін тіледі. Естеріңізге сала кетейік, Руслан Әбдразақов «Қазақстан барысының» жартылай финалында семейлік балуан Мұхит Тұрсыновтан жеңілген болатын. Белбеу күреске дейін жеткен белдесуде әу баста Русланның өзі әдіс қолданып, қарсыласын лақтырып жібергендей көрінген. Бірақ бейнеқайталауда қызылордалық апайтөстің аяғы кілем шеңберінен шығып кеткені байқалды. Ал үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте Әбдразақов жамбылдық «Тараз арланы» Дәулетхан Жақыповты жеңді. Оның алдында «Сыр барысы» өткен жылғы «Қазақстан барысы» семейлік Айбек Нұғымаровты бір минутқа жеткізбей жеңген болатын.

 – Осыдан біраз жыл бұрын, шыны керек, «Қайсардың» халі нашар болатын. Қазір байқап тұрмын, клуб аяғынан мықтап тұрған. Чемпионатта жоғары сатыларда келеді. Осы қарқындарыңыздан қайтпайсыздар деп үміттенемін. Келесі жылы мен «Қазақстан барысы» атануға уәде беремін, ал сіздер Премьер-лигада жүлдегер атануға уәде беріңіздер!, - деді «Қазақстан барысының» қола белбеу иегері.

Өз кезегінде «Қайсар» командасының атынан сөз алған клубтың бас бапкері Дмитрий Огай Руслан Әбдразақовқа «Қайсардың» естелік сыйлығын табыстап, командаға кімнен үлгі алу керектігін айтты.

«Сыр барысының» жеке бапкері, Қызылорда облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Садық Мұстафаев Руслан Әбдразақовты ең алғаш көргендегі әсерімен бөлісті.

 – Ағасы Ұлан Рысқұлды жаттықтырып жүретінмін. Сөйтсем інісі бар екен. Арық. Бойы 187 сантиметр болса, салмағы небәрі 57 келі-ақ еді. Бірақ мықты балуан шығатынын білдім. Ата-анасынан сұрағанымда жұрттың барлығы маған күлген. Бұл баладан баскетболшы немесе волейболшы шығар, бірақ ешқандай балуан шықпайды деген. Міне, көріп тұрсыздар, қандай апайтөс балуан болғанын, - деп қорытты Садық Шоңмұрынұлы.