Таеквондодан WTF «Федерация кубогі» додасы аяқталған соң, ұлттық құраманың бас бапкері арнайы біздің сайт оқырмандары үшін аталған турнирді қорытындылап өтті.

- Ұлттық құрамадағы бірінші және екінші нөмірді спортшылардың көбісі көңіл үдесінен шығып, өз мықтылықтарын дәлелдеді. Ал күтпеген жерден жеңіске жеткен таеквондошылар қатарына Әсел Қойлыбай (62 келі) мен Бауыржан Жақсылықты (74 келі) қосуға болады. Сонымен қатар, Бахрейнде өткен турнирде +87 келі салмақтың үздігі саналатынСергей Пактің (Қызылорда облысы) өзін жеңген Евгений Камышников қуантты. Өткен жолы Евгенидің жеңісін кездейсоқ деп есептеп едік. «Федерация кубогінде» топ жару арқылы ол өзінің жеңістен үмітті екенін тағы да дәлелдеді. Алтын әділетті түрде Камышниковке бұйырды. Сергей өте нашар өнер көрсетіп, алғашқы жекпе-жегінде ұтылып қалды. Тағы не айтуға болады? Қайрат Сарымсақов (68 келі), Гүлім Бибалаева (67 келі), Әлімжан Серікбаев (63 келі), Фариза Алдаңғарова (53 келі), Мақсат Әбдірамбек (87 келі) және Феруза Ергешовалардың (73 келі) өнер көрсеткені көңілімнен шықты. Кейбір салмақ дәрежелерінде көшбасшылар да өзгеріп шыға келді. Егер «Федерация кубогін» ұлттық құрама мен Филипп Пинер жаттықтыратын тәжірибелік құрама арасындағы тартыс деп есептейтін болсақ, онда өз шәкірттерімнің аяқ алысына ризамын. Тәжірибелік құрамадағы алты баланың ішінен 58 келідегі Нұрсұлтан Мамаев қана алтын алды. Екеуі күміс иеленсе, үш спортшы жүлдеден тыс қалды. Мамаевтан бөлек кімді атап өтуге болады? Әрине,Арман Нүкештаевты. Бұл бала финалда Сарымсақовтан жеңілді. Өте талантты таеквондошы. Болашақта чемпион болады деп үміттенемін. Енді жарыс нәтижесінде 1-2 орын иеленген спортшылар ұлттық құрамаға қабылданып, «Korea Open» турниріне дайындалады. Содан соң, Гран-при додасы мен Азия ойындарына дайындаламыз. Сондай-ақ, «Федерация кубогінде» қола алған 10 спортшы оқу-жаттығу жиындарына қатысады.

confederation.kz