Маусымның 14-16 күндері Нұр-Сұлтан қаласында каратэден (WKF) Kazakhstan open халықаралық турнирі өтеді. Жарыс осымен алтыншы рет ұйымдастырылмақ.

Спорттық шараны ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Қазақстанның каратэ федерациясы өткізіп отыр.

Былтыр Алматыда өткен осы турнирге әлемнің сегіз елінен спортшылар қатысқан. Биыл 15 елден 500-ден астам спортшы бақтарын сынап көреді. Елордаға біздің каратэшілерден өзге Австралия, Венгрия, Эквадор, Франция, Гонконг, Түркия, АҚШ, Жаңа Зеландия, БАӘ, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан спортшылар келеді. Олар ката және кумитэ сайысында жүлделерді сарапқа салады.

Сонымен қатар Бүкіләлемдік каратэ федерациясының (WKF) бас хатшысы Тошихиса Нагура, WKF бас төрешісі Жавьер Эскаланте, Азия каратэ федерациясының бас төрешісі Мансур Альсултан жарыстың құрметті қонақтары ретінде болмақ.

Турнир Назарбаев Университетінде өтеді.