Халықтық қолдауға ие болған «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы теңгеге шаққанда бұрынғыға қарағанда көбірек ақша алады. Бұл туралы аталған жарыстың авторы Арман Шораев Астанада өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

Жұртты дүрліктірген девалвацияға қарамастан, «Қазақстан барысының» ұйымдастырушылары жүлде қоры азаймайтын болды. Бұған дейін «Барысқа» 150 мың доллар, яғни 22,3 миллион теңге сыйақы беріліп келген. Биыл жеңімпазға қазіргі валюта бағамымен тура сол сомадаға «көк қағаз» табысталады. Тірсектен шалып жыққан, жамбасқа алып ұрған үздік балуан 27,3 миллион теңгені қанжығасына салады. Алайда, «Қазақстан барысына» көлік кілті табысталмайтын болды. Темір тұлпарды жеңіске деген жігері үшін, көрермен көзайымына айналған балуан тақымына басады.

Биылғы жарыстың ережесіне өзгерту енгізілді. Ауыл, аудан, облысты жеңіп шыққан балуандар ақтық кезеңге жолдама алады. Бар қызық финалдық бәсекеде басталады. Алда-жалда облыстық жарыс жергілікті жердің жартысынан астамын қамтымаса, аталған аймақ турнирдің соңғы кезеңіне жіберілмейді. Бұған дейін турнирде 12 қазы төрелік етсе, енді олардың саны 6-ға дейін азайды. Әрі төрешілерді таңдау да күшейтілмек. Жарысқа қазылық ету үшін әуелі емтихан тапсырады. Сынақтан ең әділ, сауатты деген 6 төреші таңдап алынады. Сондай-ақ, белдесуге қазылық жасау үшін 1000 доллар немесе 180 мың теңге жарна төлейді. Егер жарыс барысында төреші қателік жіберсе, сома қайтарылмайды. Ал, сәтті қазылық етсе, жарнаны қайтарып, 5000 доллар сыйақы беріледі.

Турнирге енгізілген тағы бір өзгеріс –жүлдегер балуандардың бапкеріне бірдей сомадағы қаражатпен марапатталады. Бұрын жеңімпазды баптаған жаттықтырушы 50 мың АҚШ долларын алса, енді бәріне 20 мың доллар төленеді.