«Астана» Премьер-Лиганың бесінші туры аясында «Ордабасы» командасын қабылдап, тартысқа толы кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Ойын соңында шымкенттік команда бас бапкері Кахабер Цхададзенің қатысуымен баспасөз жиыны өтті:

- «Астана» командасын жеңісімен құттықтаймын. Мені Астанов пен Гаджиев сәтті дебют жасағаны қуантты. Олар бүгін алаңда өздерін өте жақсы көрсете алды. Жалпы алғанда, соңына дейін алаңда барын салған футболшыларыма алғыс айтамын.

- Бүгін неліктен негізгі құрамның бірнеше ойыншысы алаңға шыққан жоқ?

- «Астана» сапынан қосылған ойыншыларға келер болсақ, ол сұрақ клуб басшылығына. Менің білуімше жалға алу кезінде елорда футболшылары алаңға шыға алмайтын арнайы келісім болған. Ал басқа футболшыларға келер болсақ, Жоао Паулоның таңертең қызуы 39 градусты көрсетті. Бірақ, біз оның алаңға шығуын өтіндік. Миханович те сырқаттанып қалғандықтан, бір апта жаттығу жұмыстарына қатыса алған жоқ. Диакатенің де қызуы көтеріліп, ауырып жатыр. Каробкин мен Төлебектің де жағдайы дәл сондай.

- Қақпаңызға белгіленген екі пенальтимен де келісесіз бе?

- Бапкер бұл шешімді талқылағаны дұрыс емес. Оған қоса, мен тұрған жерден барлығы анық көрінген жоқ. Әрине, «Астана» командасы ойын барысын толықтай бақылауда ұстады. Дегенмен, жеңілген ешқашан жақсы емес.

- Бүгін жас ойыншылар өздерін өте жақсы қырынан көрсетті. Олар алдағы уақытта алаңға шығуға мүмкіндік ала ма?

- Әрине. Астанов пен Гаджиев «Ордабасы» командасының болашағы. Олар алдағы уақытта міндетті түрде ойнайтын болады.