Өткен жексенбіде футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы елордадағы «Астана-Арена» алаңында 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Ресей құрамасымен кездескен болатын.

Футбол жанкүйерлері асыға күткен ойын қазақстандықтарды қуанта қойған жоқ. Өз алаңында өнер көрсеткен жерлестеріміз 0:4 есебімен жеңіліс тапты.

Тіпті қазақстандық футболшылардың қақпаға доп енгізуге де мүмкіндігі аз болды. Спорт комментаторлары «аздаған сәттілік жетіспеді» деп футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерді жұбатқанымен, футболшылардың тәжірибесі жетіспегендігі тайға таңба басқандай баршамызға көрініп тұрды.

Әрине, бұл отандық футбол құрамасының алғашқы жеңілісі емес. Қазақ футболшыларына жеңіске жетуге кедергі болатын не?! Қаншама қаржыландырсақ та, неге Қазақ футболы неге дамымайды?!