Қазақстандық былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов (5-0, 3 КО) кәсіпқой бокстағы алтыншы жекпе-жегін «Хабар» арнасы көрсетеді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Данияр Елеусінов 16 наурыз күні АҚШ-тың Филадельфия қаласында 36 жастағы мексикалық боксшы Сильверио Ортиспен (37-23, 18 КО) жұдырықтасады. Жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған.

Бокс кешін «Хабар» телеарнасы 16 наурыз күні таңғы 06:00-де тікелей эфирден көрсетеді.

Бұған дейін қазақстандық боксшы мексикалық Карлос Хименеспен (14-9-1, 8 КО) жекпе-жек өткізуі қажет еді. Алайда Карлос Хименес жекпе-жектен бас тартып, 16 наурыз күні Канадада Батыр Жүкембаевпен кездесуді шешкен.

Еске сала кетейік, Данияр Елеусінов соңғы кездесуін 24 қараша күні Монте-Карлода өткізіп, никарагуалық Маркос Мохиканы үшінші раундта нокаутпен жеңген болатын.