Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының чемпионы Дидар Хамза Жастар жылында спорт залдарының жетіспеушілігі мәселесі шешімін табады деген сенімде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спортшының сөзінше, Елбасының сарабдал саясатының арқасында спортқа бет бұратын жастардың саны артады. Елде шағын спорт залдар көптеп ашылса, үлкен ареналарға даңғыл жол салынады.

«Елбасы Жастар жылын жариялады. Енді жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-шаралар қолға алына бастайды деген ойдамын. Соның ішінде спорт саласы да бар. Ешкім анасынан спортшы болып тумайды. Спорт биігін бағындыру үшін 1 пайыз дарынның өзі жеткілікті. Қалған 99 пайызына еңбек пен жаттығудың арқасында келеді. Ал, сол дарынның тасада қалмауын қамтамасыз ету бапкерлерге тікелей байланысты»,- дейді Дидар Хамза.

Дзюдошының айтуынша, еліміздің атын шығарған талай танымал спортшылар жаттығу залдарының жетіспеушілігі, қаржы тапшылығы сияқты мәселелерге тап болған. Соған қарамастан олар ел абыройын асқақтатуға, көк туымызды биікте желбіретуге тырысты. Ал, бүгінде елімізде көптеген спорт нысандары бой көтеріп, неше түрлі ойын алаңдары салынуда.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің соңғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлу керектігін айтты. Соның ішінде тиісті мамандарға спорт залдар мен кешендерге балалардың кіруін жеңілдету мәселесі де бар. Енді елімізде спортпен айналысатын жастарға спорт кешендері тегін берілмек. Бұл ел спортына тың серпіліс әкелетін шешім деп ойлаймын. Себебі бойында таланты бар қаншама жас спорт залдың есігінен сығалап қайтуға мәжбүр»,- дейді Азия ойындарының чемпионы.