Көк теңіздің атын иеленген ақтаулық футбол командасы өзіндік ойын өрнегін көрсетіп жүрген топтың бірі. Желкілдеген жастардан құралған әрі биыл жөндеуден өткен стадионда ойын өткізуге мүмкіндік алған топ ендігі кезекте премьер-лигаға шығуды жоспарлап отыр.Футбол клубының басшы­лығы мен бапкерлер құрамы футбол маусымының қоры­тындылары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. «Каспий» футбол клубы «Арсенал Киев» командасымен меморандумға қол қойып, бүгінде маңғыстаулық екі ойыншы украиналық футбол клубында тәжірибеден өтуде. Футбол – жастардың қызығу­шылығына ие және жалпыға барынша қолжетімді ойын түрі, қалада үй маңындағы ойын алаң­дарында асыр салған, ауылда тегіс жерді тауып алып футбол ойынын қыздырған балаларды да, ересектерді де жиі кездестіретініміз бар. Аталмыш футбол клубы жас­тар арасында футбол спортын кеңінен насихаттау әрі жастарды футболға кәсіби тұрғыда дайындау мақсатында ашық есік күндерін өткізді. Оған 300 жас спортшы қатысып, футбол әлемінің сырларына қа­ныға түсті, сондай-ақ балалар арасында «Caspy Cup» турнирі өткізілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде футбол орталықтары мен академиялар арасында өткен Қазақстан біріншілігінің ақтық сайысында жас маңғыстаулықтар 3-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар биыл жөндеуден өткен «Жас қанат» стадионында алғаш рет «Каспий» футбол клубы өз алаңында «Қайрат А» командасымен ойын өткізіп, ойынға 3200 көрермен қатысты. – Әртүрлі жағдайларға бай­ланысты көрермендер саны­ның көп болуы 2001 жылдан бері болмаған еді. Ойынды тама­шалаушылардың көп болуы да футболшылар үшін маңызды. Нәтижесінде «Каспий» футбол командасы көрермендердің ойынға келуі жағынан Бірінші лига командалары арасында 2-орын­ды алды, – дейді «Кас­пий» фут­бол клубының даму бойынша менеджері Владимир Рибич. «Каспий» футбол клубы бас­шылығының болашаққа межелеген жоспарлары зор. Олар үшін алдына қойған биік мақ­саттарға жету үшін мамандардың біліктілігін арттыру – негізгі басым бағыттардың бі­рі. Сондықтан клубтың жаңа бас­шылары биыл маңғыстаулық фут­бол клубына келген шетелдік ма­мандардың атсалысуымен жер­гілікті маман­дардың біліктілігін арттыруды көздеп отыр. Клуб басшылығының айтуынша, Ақтауға қосымша тағы бір стадион мен жаттығу үшін фут­­бол базасы және футбол спортын одан әрі насихаттау үшін маркетингтік жұмыс қажет. Сон­дай-ақ 2018 жылдың аяғына дейін Маңғыстау облысының балалар құрамасын құрып, бар­лық жаттықтырушылар үшін семинар өткізіп, балаларға арнал­ған «Болашақ чемпиондар лигасын» ұйымдастырып, мектеп оқу­­шыларына арнап промо-ак­ция­лар ұйымдастыруды көздеп отыр. Үлкен мен кішінің ықыласы ауған спорт түрі насихатын жан­дандырып, өз спортшыларын, әсіресе балаларды алаңға ша­қыр­са бас тартатыны болмасы анық.