Еуропа лигасының 5-ші тур аясындағы «Астана» – «Динамо» (Киев) матчы алдындағы баспасөз мәслихатында «Астана» командасының қорғаушысы Дмитрий Шомко журналистер сұрағына жауап берді.

— Ертеңгі ойынға жаттығу жоғары деңгейде өтті деуге болады. Өкінішке қарай, бірқатар футболшылар Ұлттық құрама сапында болған соң, толық құрамда дайындала алмадық. Менде де жарақат болды. Алайда, жалпы топпен бірге дайындық өткіздім. — Ертең «Астананы» тең ойын қанағаттандыра ма? — Қандай жағдай болмасын, біз алаңға жеңіс үшін шығамыз және өз жанкүйерлеріміздің алдында жеңіске жету үшін барымызды саламыз. — Жарақатыңыздан толық айықтыңыз ба? — Иә, толық жазылдым деуге болады. Өкінішке қарай, Грузияға қарсы ойынға шығу үшін екі күндей уақыт жетпей қалды. Сондықтан тек «Динамоға» қарсы ойынға дайындалдым. — Киевте «Динамоға» қарсы өткен ойын несімен есте қалды? — Біз сол ойынды толығымен қарап шықтық. Қорғаныста қателіктер жібергеніміз көрініп тұрды. Тіпті, ешқашан қайталамайтын қателіктер де жібердік. Біз көп гол өткізіп жіберуіміз де мүмкін еді. Сәйкесінше, бірнеше гол соғатын сәттеріміз де болды. Біз тек жеңіс үшін ойнаған едік, дегенмен ұпаймен қайтқанымызға қуаныштымын.