Қазақстандық боксшы Константин Брусенский өзінің отандасы, екі салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы Фируза Шәріпованың командасымен келісімшарт жасасты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Prosport порталы.

Спортшының баспасөз қызметі хабарлағандай, боксшымен әзірге тек екі жекпе-жек өткізуге қол қойылды.

«Константиннің болашағы зор. Біз екі жекпе-жекке келісімшарт жасадық, әрі қарай жекпе-жек нәтижелерінен кейін құжатты қайта қараймыз. Жақын арада бірінші кездесу өткіземіз. Алдағы уақытта біз тағы бір әлеуеті зор қазақстандық боксшымен серіктестік туралы жариялаймыз», - деді Шәріпова мен Брусенскийдің менеджері Сергей Завилейский. 23 жастағы Константин Брусенский Алматы облысының Балпық би ауылында дүниеге келген. Өзінің әуесқой мансабында Алматы, Алматы облысы және Қазақстан чемпионы атанған. Бүкілресейлік бокс турнирінің А класы бойынша күміс жүлдегері, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бокс турнирінің және басқа да ірі жарыстардың жеңімпазы.