«Астана» футбол клубының кеңсесінде «Arda Football» мектебімен футбол саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Arda Football» - жаттығу жұмыстарын толықтай ағылшын тілінде өткізетін балалар футбол мектебі.

Клуб тарапынан «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов меморандумға қол қойса, футбол мектебі жағынан директор Айдар Батырхан қол қойды.

«Астана» ФК Атқарушы директоры Қайсар Бекенов:

- Біз негізгі құрам ойыншыларынан бөлек, соңғы жылдары қаламыздағы балалар футболына ерекше мән беріп келе жатырмыз. Бұл өз кезегінде өз жемісін беріп, біздің балалар Қазақстан Республикасы Біріншілігінде өз жас ерекшеліктері бойынша жүлделі орындарға ие бола бастады. Осы жылы 2001 және 2006 жылы туған жасөспірімдер командалары ел чемпионы атанды. Жеке мектептермен, соның ішінде «Arda Football» мектебімен меморандумға қол қою біздің футбол орталығындағы бәсекелестікті арттырып, командаға үміткерлерді үздіксіз іріктеуге мүмкіндік береді. Ал бәсекелестік дегеніміз, спорттың ең басты табыс кілті.

«Arda Football» жобасының PR директоры Назым Жанғазинова:

- Бүгін «Arda Football» мектебі үшін ең маңызды күндердің бірі. Біз Қазақстанның ең үздік футбол клубы «Астанамен» ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Меморандум аясында біздің футбол мектебінің үздік футболшылары «Астана» футбол орталығына іріктелінетін болады. Бұл біздің кішкентай футболшыларымыз үшін үлкен мотивация болмақ. «Астананың» өз алаңында өткізетін ойынына барар алдында біздің балалар ерекше құлшыныспен жаттығып, айрықша көңіл көтереді. Біз жаттығы жұмысы барысында балаларға арнайы күнделік беріп, өздерінің үлгі алатын футболшылары туралы жазуларын сұраймыз. Сол кезде жас жеткіншектердің 70%-ы «Астананы» таңдайды. Елорда командасы қазіргі таңдағы жас ұрпақ үлгі ететін мінсіз футбол үлгісін көрсетуде. Қазақстандағы балалар футболының дамуына үлес қосып, жас чемпиондарға қолдау білдіргені үшін «Астана» футбол клубына ерекше алғысымды білдіремін!