Отандық жанкүйерлерге жақсы таныс бапкер Виктор Кумыков осы жазда «Атырау» командасының тізгінін ұстаған еді.

Соңғы үш жылда қазақстандық футбол өзгерді ме? Осы аралықта өзге елдің футболында қызмет атқардыңыз...

- Қазақстандық футболда екі айқын көшбасшы пайда болды. Ал, қалған командалардың деңгейі теңесті. Нағыз аутсайдер жоқ. Чемпионатты өткізу жүйесі де өзгерген.

- Команда сізге дейін қалыптасқан болатын. Дегенмен жазғы маусымда бірнеше трансфер жасап үлгердіңіз. Командаға таңдалынып алынған ойыншыларға көңіліңіз тола ма?

- Көңілім толмайды. Қос қаптал мен жартылай қорғаныста мәселе көп. Шабуылды да күшейткен жөн. Оң жақ қорғаушының міндетін жартылай қорғаушы атқарып жүр. Уақыт аз болды. Қаражат шектеулі. Жазғы трансферде футболшыларды табу қиын.

- Қазақстан чемпионаты аясында «Қайратпен» өткен соңғы ойын аса тартысқа толы болды. Жаңа кездесуден не күтесіз? Қарсыластың ойынына баға беріп өтсеңіз?

- Барлығы қарсыластың қай құраммен алаңға шығатынына байланысты. «Реформаға» дейін «Қайраттың» шабуылы өткір болды. Қорғанысы сәл сыр берген еді. Алайда, алдыңғы шепте ойнайтын ойыншылардың мықты болуына байланысты қорғаныстағы кемшіліктер ішкі біріншілікте байқалмайтын. Ал, еурокубок ойындарында бірден көзге түсті.

- Ел кубогында қазақстандық футболшылармен ойынды жалғастыру туралы «Қайраттың» шешімі «Атырауға» көмек бола ма?

- Кубоктың қалай өтетіні туралы ешкім білмейді. Тактикалық тұрғыдан қазақстандық құраммен ойнау жеңілдеу екені рас. Ал, легионерлердің қатысуымен деңгейі жоғары футболды тамашалай аламыз. Өйткені, олардың шеберлігі өте жоғары. Сонымен қатар, біздің ойыншыларға артық күш түсіреді. Алайда, біз кез келген жағдайға дайынбыз!