Биыл ММА-ден Бахрейнде өткен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына жалғыз алтын медальді ақтөбелік Бағдат Жұбаныш салған болатын.

Әлемдік додаға 52 елден 400-ге жуық спортшылар жиналған. Турнирді Бахрейн Королі және халықаралық ММА федерациясы (IMMAF), Дүниежүзілік ММА қауымдастығы (WMAA) бірлесіп ұйымдастырды.

«Бұрын соңды осындай үлкен жарыстарға қатысып, әлемдік деңгейдегі қарсыластармен ешқашан кездеспеген едім. Жарысты олимпиадалық деңгейде өтті дей аламын. Себебі әр спортшыға толық жағдай жасалып, Бахрейн ханзадасының өзі қолдауға келді. Күн сайын медициналық тексеріс, салмақ өлшеу рәсімі өтті», - дейді Бағдат Жұбаныш баспасөз-мәслихатында.

Бағдат әлем чемпионатында үш рет жекпе-жек өткізген. Алдымен Бахрейн, кейін Ливан елінің өкілдерінен басым түсті. Ал финалда украиналық Роман Сыркинмен кездесіп, жеңіске жетті.

Енді осы жеңісінің арқасында Жұбанышқа Ақтөбе облысы әкімінің қаулысымен стипендия беріледі.

ММА-ден Қазақстан құрамасының бас бапкері Айбек Шоқпытовтың айтуынша, республикалық федерация әлемдік жарыстардың жеңімпаздарына көмек көрсете алмайды.

«Бұл толыққанды дамып, жетілген спорт деп айтуға келмейді. Бұл спорт көбіне жекелей тұрғыда дамып жатыр. Демеушілерді табу да қиын. Бірақ үкімет енді-енді оң көзбен қарап келеді, сондықтан бәрі алда», - дейді Шоқпытов.

Айта кетейік, бұл жарыста Қазақстанның қоржынына тоғыз медаль түсті – бір алтын, бір күміс және жеті қола.