«Ақтөбе» - «Астана» арасындағы кездесу аяқталғаннан кейін елорда командасы бас бапкерінің уақытша міндетін атқарушы Григорий Бабаянның қатысуымен баспасөз жиыны өтті.

- Біз алдын ала болжағандай ойын өте қиын өтті. Себебі біз небәрі үш күн бұрын «Реннға» қарсы кездесу өткіздік. Бізде физикалық мүмкіндік жағынан қиындықтар болмағанымен, ол кездесуде көп эмоцияға бой алдырдық. Сондықтан да бүгінгі кездесуде жауапты ойын көрсетіп, соңына дейін күресу маңызды болды. «Ақтөбе» - кереметтей жанкүйерлердің қолдауына ие, мықты команда. Ал жалпы алғанда бүгін алаңда ашық ойын өрбіп, біз жеңіске жеттік. Біз үшін үзіліске кетер алдында басты бәсекелесіміз «Қайраттан» ұпай айырмашылығын ұзарту маңызды болды. Сол мақсатымызға жете білдік. Барша жанкүйерлерді маңызды жеңіспен құттықтаймын!

- «Ақтөбе» командасы өз ойынымен таң қалдыра алды ма?

- Біз Пиззелиді алаңға шығады деп күткен едік. Алайда, ол жарақатына байланысты кездесуге қатыса алмады. Дегенмен, алаңға кімнің шыққандығы аса маңызды емес. Оған бола ойын жүйесі өзгерген жоқ. Егер бұл командаға ойын барысында ашық кеңістік қалдыратын болсаң, кез-келген командаға қиын болары анық.