Ақтөбеде ел чемпионатының 29-туры аясында «ақ-қызылдар» Қазақстан чемпионы «Астананы» қабылдады.

Қос команда сапында да бірнеше жетекші ойыншы негізгі құрамда шыққан жоқ. Матч есебін қонақтар ашты. Рангело Янга баспен дәл соққы жасаған болатын.

Ал екінші таймның басында Саят Жұмағали әуедегі допқа бірінші жетіп, таразы басын теңестіріп тастады. Көп ұзамай, «Ақтөбенің» қақпашысы Игорь Трофимец допты қабылдауда қателік жіберіп, оны Серікжан Мужиков сәтті пайдаланды. Қорытынды есеп – 1:2, ел чемпионы кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Осы ойыннан кейін Григорий Бабаян шәкірттері көш басындағы орнын нығайта түсті. «Астана» екінші орындағы «Қайраттан» 10 ұпайға озып тұр. Ал «Ақтөбе» 36 ұпаймен 6-шы орында келеді.

«Ақтөбе» - «Астана» - 1:2 (0:1)

Голдар: Жұмағали 55 (1:1) – Янга 42 (0:1), Мужиков 62 (1:2)