«Астана» футбол клубының бас бапкерінің міндетін уақытша атқарушы Григорий Бабаян «Реннға» қарсы ойын алдында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, алдағы кездесу туралы өз пікірімен бөлісті:

– Ертең өз алаңымызда Еуропа лигасының алғашқы ойынын өткіземіз. «Ренн» өте мықты команда және тобымыздың фавориті. Сондықтан ертең бізді өте ауыр матч күтіп тұр. «Реннға» қарсы кездесу екі команданың қайсысы мықты екенін ғана емес, топтағы үздік команданы анықтайтын матч. Сондықтан бізге бұл ойындажанкүйерлердің қолдауы ауадай қажет.

– Тең ойынға көңіліңіз тола ма?

– Біздің мақсатымыз – алаңда ұйымшыл ойын көрсетіп, қарсыласымыздан мейілінше ұпай алу. Мұндай командамен тең ойнау, меніңіше жаман нәтиже емес. Бірақ, барлығын жасыл алаңда көреміз.

— Қарсылас команданың бірнше негізгі ойыншылары Қазақстанға келмепті...

— «Ренн» командасының барлық ойыншылары өз деңгейіндегі мықты футболшылар. Сондықтан олар бізге әлсіз құраммен келді деп айта алмаймын.

– Футболшылардың физикалық мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

— Иә, соңғы күндері футболшыларымыз тығыз кестемен ойнауда. Барлық ойыншыларымыз ойын тәжірибесін жинау үшін барлық футболшыларға мүмкіндік беріп жатырмыз. Команданың физикалықмүмкіндігі бойынша ешқанай шағым жоқ.

– Бен Арфаның жоқтығы бізге көмектесе ме?

— Әрине, ол жалғыз өзі матч тағдырын шешіп кетуге қауқарлы. Дегенмен «Ренн» клубында одан басқа да мықты ойыншылар бар.