2018 жылғы Азия ойындарының басты жаңалығы болған Әділбек Мусиннің жанкүйерлері күн санап көбейіп жатыр. Джакаратада өзі қатысқан барлық бәсекенің финалына өтіп, баттерфляй әдісімен 50 метрге жүзуде және командалық кешенді эстафетада қола жүлдегер атанған Мусин елге оралып, алдағы басты жоспарларымен бөлісті.

Olympic.kz 19 жастағы спортшының сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

- Әділбек, Азиадаға аттанар кезде алда қандай міндеттер тұрды? Қазақстан рекордын жаңартуды әу бастан ойладыңыз ба?

- Азия ойындарына үлкен жауапкершілікпен аттандым. Себебі, бұл жарыстың еліміз үшін де, біздің спорт үшін де маңызы зор. Әрине, тек қана рекорд жаңартамын деген мақсат болған жоқ. Негізгі міндетім – финалға өтіп, өз нәтижемді жақсарту еді. Әрі қарайғы жайттарды жарыс кезінде көре жатармыз деп ойладым (күлді).

- Жүзумен қашаннан бері шұғылданасыз?

- Жүзуде жүргеніме 8 жыл толды. Суға қатты құмар болғасын ата-анам осы үйірмеге берді. Бірақ жүзуден қорыққанымды жасырмаймын.

- Баттерфляй әдісін бірден таңдадыңыз ба, әлде басқа да әдістерде бақ сынап көрдіңіз бе?

- Спортқа алғаш келгенімде мен үшін шалқалап жүзу ыңғайлы еді. Осы бағдарлама бірнеше рет қала біріншілігінің жүлдегері атандым. Ол кезде менің техникам айтарлықтай жақсы емес болатын. Негізі, жүзудегі барлық әдісті қолданып көрдім. Брасстан басқаларының бәрі ыңғайлы.

- Қазақстандық жанкүйерлер сізді Азия ойындарындағы жаңа есім деп атауда. Финалға шығып, медальға ілігу оңай емес. Осы жеңісіңізден кейін қандай әсердесіз?

- Керемет әсердемін. Мен ғана емес, жүзудегі барлық жігіттер бұл ойынның жаңалығы болды деп айтқан дұрыс шығар. Барлығы өз нәтижелерін жақсартты. Әділ Қасқабай да 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Қазақстан рекордын жаңартты.

- Бұл жетістігіңіз алда үлкен жеңістерге бастама болатын шығар?

- Иә немесе жоқ деп бірауыздан жауап беру қиын. Бір анығы, жаттығуды тоқтатпаймыз.

- Барша жанкүйерге қуаныш сыйлаған командалық эстафетаны тағы бір еске алайықшы...

- Эстафетаны ұзақ уақытқа дейін ұмытпайтыным хақ. Сол күнгі көңіл-күйімді сөзбен суреттеу де мүмкін емес. Финал басталар алдында психологиялық тұрғыдан қиын болды. Бір-бірімзді барынша қолдап, жағдайды жақсартуға тырыстық. Командалық жарыс кезінде уайым арта түседі, өйткені, сен өзіңді ғана емес, саған арқа сүйеген командаластарыңды да ұятқа қалдырмауың керек. Эстафетада шалқалай жүзген Әділ Қасқабайды да атап өткім келеді. Өйткені, бұл Әділдің негізгі көзірі емес.

- Командадағы Дмитрий Баландиннің рөлін қалай бағалайсыз?

- Дима керемет адам. Өзінің жаттығу жұмыстары қиын болғанына қарамастан, бізге көңіл бөлуге де уақыт табады. Бізді жігерлендіріп, алға сүйрейтін де сол Баландин. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, қолдау көрсетуден, ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес.

- Алдағы жоспарларды бапкермен бірге ақылдасып үлгердіңіздер ме?

- Жарыстан кейін бапкерді әлі көрген емеспін. Өйткені, екі қалада тұрамыз. Келесі жылы әлем чемпионаты өтеді. Негізгі дайындығымыз соған бағытталатыны айқын.

- Жүзуде өз нәтижеңді жақсарту қиын ба?

- Әлемдік деңгейге жақындаған сайын қиындай түседі. Бастысы, өз мүмкіндіктеріңді шектемеу керек.

- Әлем чемпионатынан соң Токио Олимпиадасына дайындық басталатын шығар?

- Әрине, әр спортшының арманы Олимпиада. Азия ойындарында біраз жұмыс тындырдық. Бапкерлерге, командалас жігіттерге, кешенді топқа және жанкүйерлерге айтар алғысым шексіз.