Қазақстан дзюдошылары Қытайдың Хайнань провинциясында Азия жастары мен жасөспірімдері арасындағы чемпионатта сәтті өнер көрсетті.

Жасөспірімдер арасындағы жарыстарға 15-18 жастағы спортшылар, жастар арасындағы жарысқа 19-23 жастағы спортшылар қатысты. Қорытындысында жасы кіші спортшылар тоғыз медальді жеңіп алды. Мағжан Шамшидин (50 келіге дейін) және Гүлдана Мұрат (40 келіге дейін) чемпион атанды. Жанар Қашқын (63 келіге дейін) және Бауыржан Жауынтаев (55 келіге дейін) "күміс" медальді иеленді. Үшінші орынға - Нұрсұлтан Иса (60 келіге дейін), Дидар Хамза (73 келіге дейін), Айгерім Аманжанова (52 келіге дейін), Айгерім Әбілқадырова (57 келіге дейін) және Динара Құсайын (70 келіге дейін) жайғасты. Жалпы командалық сынақта қазақстандықтар үшінші орын алды.

Жастар арасындағы жарыста әр түрлі дәрежедегі 12 медальді жеңіп алып, Қазақстан құрамасы төртінші орынға жайғасты. Чемпион атағы Оразалы Ермекбайға (66 келіге дейін) бұйырды. Ерлан Жақсыбеков (60 келіге дейін), Еламан Ерғалиев (100 келіден жоғары), Дарья Лунова (48 келіге дейін) "күміс" медальді жеңіп алды. Құрмет тұғырының үшінші сатысына Асылжан Сейдуәлі (55 келіге дейін), Айдос Ғалымов (81 келіге дейін), Темірлан Қолбай (90 келіге дейін), Әділхан Қозыбаев (100 келіге дейін), Еңлік Сатыбалды (44 келіге дейін), Әсел Қайсарова (52 келіге дейін), Анна Старченко (57 келіге дейін) және Ақерке Мырзабек (63 келіге дейін) көтерілді.

Жасөспірімдер құрамасын жаттықтырушылар Ғалиден Балтин және Ерлан Алпысбаев, ал жастар құрамасын Нұрбол Сүлейменов және Жаннат Нұртазина дайындаған.