19 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ұлы майдан» деп аталатын аса ірі халықаралық жарыс өтеді.

Биылғы жылдың көктемінде атал­-мыш жарыстың тұсауы кесілген болатын. Басты жекпе-жекте атышулы Ресей спортшы­сы Расул Мирзаев пен қан­дасымыз Ержан Естанов шеберлік байқасты. Өкінішке қарай, Қап тауы қы­ранына біздің жігіт­тің шамасы жет­пе­ді. Бұл бәсеке ұпай саны­мен Мирзаевтің пайдасына шешілді. Осы жеңістің ар­қасында Расул өзіне тиесілі әлем чемпио­ны атағын сақтап қалды. Кейіннен екі жақ өзара келіссөздер жүр­гізді. Соның нә­тижесінде ортақ мә­мілеге келіп, қос спортшы арасында қарымта кездесу өт­кі­зу жөнінде уағдаласты. Сөй­тіп, Расул мен Ержан қайта күш сынасатын болды. Бұл жолы Естанов ел сенімін ақ­тайды деп үміттенеміз. Өйткені Алматыда өтетін бұл жарыс Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздік күніне орайлас­тырылып  отыр. Ал осындай мереке кезін­де қазақ жігіті­нің жеңілуге еш хақы жоқ.

«Ұлы майдан» жарысы барысында қазақтың қос мақтанышы – Қайрат Ахметов пен Аслан Тоқтарбаев чем­пиондық тәж үшін айқасады. Жеңіл салмақтылар арасында бақ сынап жүрген қос қандасымыздың есімдері жан­күйерлерге жақсы таныс. Әр жеңісінен кейін «Қара жорға» билейтін Қайрат айқас алаңында бірде-бір рет жеңіліп көрген емес. Ол қарсы келгендердің барлығын алып та, шалып та жығып жүр. Ахметовтің бүркеншік есімі – «Қазақ». Ал Аслан бауырымыз «Арыстан» деген лақап атпен танылды. Оның да жүріп өткен жолы ірі жеңістерге толы. Алайда Алатау бау­­ра­й­ында өтетін жарыс барысында қан­дастарымызға жеңіс оңайлықпен келеді деген ой туындамауы керек. Екеуінің де қарсыласы өте қауіпті. 

Бұл кеште Ахметов Күншығыс елінен келген Татсуей Ватанабемен айқасады. Ол ережесіз жекпе-жектен Жапония­ның бірнеше дүркін чемпионы. Осы күнге дейін Ватанабе 21 кездесу өткізіп, 14 рет жеңіске жетті. Төрт рет ұтылып, тағы үш бәсекені тең аяқтады. Тоқтарбаев амери­калық Кевин Круммен күш сынасады. АҚШ спортшысы 16 кездесуде 12 рет жеңіс тойын тойлады. Көбіне-көп ол дзюдо мен джиу-джитсу әдістерін қол­данатын көрінеді. 

Өзге бәсекелерде чемпиондық атақтар сарапқа салынбағанымен, бұл жекпе-жектер де жанкүйерлердің зор қызығу­шылығын тудыратыны даусыз. Мәселен, Ресейден Мариф Пираев келеді. Бұған дейін ол Алаш топырағына екі рет ат басын бұрып, екі ретінде де жеңіске жетті. Пираев Астанада Шахволат Юсубовты ұтса, Алматыда Аңсаған Құсайыновтан айласын асырды. Бұл жолы қапқаздық спортшы Махир Мамедовпен шеберлік байқасады.

Ғалым Сүлеймен (Айқын)