Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында әйелдер арасындағы 20 шақырым спорттық жүрістен Айман Ратова жеңіске жетті, деп хабарлайды Prosports.kz жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айман Ратова 2013 жылы Мәскеудегі әлем чемпионатында допингпен ұсталып, 2 жылға дискваликация алған. Кейіннен тұрмысқа шығып, спорттан біраз алыстап қалып еді. Биыл қайтадан жарыс жолына қосылды.

Мұрат Жүзгенбаевтың шәкірті осы жолы Қазақстан чемпионатында еліміздегі үздіктердің бәрін шаң қаптырып, жеңіске жетті.

Өзі жалпы спорттық жүрістен төрт спортшы бақ сынады. Олар Диана Айдосова (Алматы), Регина Рыкова (Түркістан облысы), также Айман Ратова (Алматы облысы) және Галина Якушева (ШҚО).

Негізі фаворит Айдосова саналған. Лондондағы әлем чемпионатының қатысушысы алғашында барлығын жақсы бастаған. Алайда мәреге жақындаған тұста Айманға тізгінді беріп қойды. Сөйтіп, екінші орынды қанағат тұтты. Үштікке Галина Якушева ілікті.

Айтпақшы, 4 қатысушының көрсеткіші халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативінен жоғары. Чемпион атанған Айман Ратованың уақыт көрсеткіші – 1:37:14.3. Негізі өзінің жеке рекорды –1:31.55 (2012). Әзірге спорттық бабына толық еніп үлгерген жоқ.

24 шілде. Алматы. Қазақстан чемпионаты. 20 шақырымға спорттық жүріс.

Әйелдер:

1.Айман Ратова (Алматы обл.) – 1:37:14.3;

2.Диана Айдосова (Алматы) – 1:37:21.3;

3.Галина Якушева (ШҚО) – 1:38:09.8;

4.Регина Рыкова (Түркістан обл.) – 1:38:16.8

Ерлерден жалғыз алматылық Виталий Терехин қатысты. Оның уақыт көрсеткіші – 1:30:33.2.