25 шілде күні Қытайдың Уси қаласында таеквондодан командалық есептегі Әлем Кубогі өтеді, деп хабарлайды Olympic.kz. Аталған сынға қатысатын спортшылар анықталды.

Ұлттық құрама намысын төмендегі таеквондошылар қорғайды:

Айтуар Шайкенов, Нұрсұлтан Мамаев, Лес Абдусаммат, Дүйсебай Смайыл.

Командалық есептегі әлем кубогі G8 санатындағы турнирге жатады. Бұл жарысқа қатысып, жеңіске жеткен спортшылар әлемдік рейтингтегі жағдайын да біраз жақсарта түспек.

«Командалық есептегі Әлем Кубогіне рейтингтегі үздік 16 команда ғана қатыса алады. Қазақстан құрамасы 10-шы орында тұр. Таеквондодан негізгі құрам Джакартада өтетін Азия ойындарына дайындалу үстінде. Ал бізбен бірге Қытайға аттанатын спортшылар да осал емес. Өз салмақтарының үздігі. Тек олар сынға түсетін салмақ дәрежелері Азия ойындарының бағдарламасына енген жоқ», - дейді мемлекеттік жаттықтырушы, Қазақстан таеквондо федерациясының вице-президенті Арман Шылманов.

Қазақстан құрамасы Әлем Кубогіне дайындық кезеңін Астанада өткізді. Бүгін түнде олар Қытайға ұшып кетеді.

«Командалық турнирге қатысатын мықты құрамалар арасынан Иран, Оңтүстік Корея мен Қытайды атап өткім келеді. Біздің алдымызда жартылай финалға жету мақсаты тұр. Құрам жаман емес. Осы жылы Азия чемпионы атанған Дүйсебай Смайыл, Олимпиада ойындарына қатысушы Нұрсұлтан Мамаев бар», - дейді Арман Шылманов.

Еске сала кетейік, Оңтүстік Кореяда өткен «Korea Open» турнирінде қазақстандықтар сәтті өнер көрсеткен болатын.