«Астана» велоклубының спорт менеджері Дмитрий Фофонов «Тур де Франс» велобәйгесінің алғашқы аптасын қорытындылап, мәртебелі көпкүндіктің келесі кезеңіндегі жоспарларымен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, жарыстың алғашқы аптасынан кейін «Астана» командасының капитаны Якоб Фульсанг жалпы есепте үздік жетілікте келеді. Сондай-ақ, көпкүндіктің өткен аптасы Луис Леон Санчестің қатардан шығып қалуымен есте қалды.

- Кеше көпкүндіктің алғашқы демалысы болды. Жақсылап тынығып, ес жинап, бүгін қайта жарыс жолына шығып кеттік. Өкінішке қарай, өткен аптаның сынақтары аз болған жоқ. Капитанның басты грегарилерінің бірі Луис Леон Санчес жарыс жолында құлап қалып, иығын төрт жерден сындырып алды. Сонымен қатар, шынтағына да зақым келді. Тезірек айығып, ертерек қатарға қосылуын тілейміз. Жалпы, команда жұмылған жұдырықтай жұмыс істеуде. Басы мақсат – жалпы есепте неғұрлым жоғары көтерілу. Қазір капитанымыз коб Фульсанг жалпы есепте жарыс көшбасшыларымен қатар келеді. Енді алда бізді таулы-жоталы кезеңде күтіп тұр. Ең қиын жарыстар әлі алда. Міне, мінез көрсететін кез енді келді. Бұған дейін екінші рөлде келе жатқан көшбасшылардың барлығы енді бой көрсете бастайды. Біз де соған дайын болуымыз қажет, - деді Дмитрий Фофонов.

Шілденің 7-сі күні басталған «Тур де Франс» додасы осы айдың 29-ына дейін жалғасады. Дәл қазір 9-шы кезеңнен кейін көш басында бельгиялық Грег Ван Авермает келеді. Ал Якоб Фульсанг одан небәрі бір жарым минуттай артта.