Евгений Гидич өзінің алғашқы кәсіби маусымы жайлы, маусымның екінші жартысына арналған жоспарларымен және Азия ойындарына дайындық барысы туралы Prosports.kz тілшісіне айтып берді.Қазақстандық жас талант Евгений Гидич «Астана» велокомандасының сапына биыл қосылды. Алғашқы маусымнан бастап-ақ ол Малайзияда өткен Лангкави Турында Үздік жас шабандоз жейдесін иемденіп, өзін талантты спринтер ретінде танытты. Ал Хорватия Турында тек тәжірибелі таулы аймақ мамандарына ғана жол беріп, патшалық таулы кезеңде 3-орынды иемденді. Соның арқасында ол бас классификацияда 3-орынға ие болды. - Кәсіби тұрғыдан қарағанда алғашқы маусымың қалай өтіп жатыр? Осыған дейін сен қатысып жүрген жарыстардың дәрежесінен кәсіби шабандоздардың дәрежесінде айырмашылықтар бар ма? - Әрине, ерекшеліктер бар. Құрлықтық командада дайындық мүлдем басқа, жарыстың дәрежесі, жылдамдық та, тактика да өзгеше болады. Басында қиын болды. Бірақ кейінірек үйреніп, бұрынғыдан да жақсарғанымды сезіндім. Маусым өте жақсы өтіп жатыр. Хорватия Турында 3-орынды иемдендім. Спринтерлік кезеңдерде үздік ондық қатарынан табылдым. Жалпы көңілім толады. Бұл нәтижелер бірінші жыл үшін жаман емес деп ойлаймын. Қазір Ұлттық Чемпионаттан кейін бабымды біраз жоғалттым. Бірақ қолымнан келгенше жігіттерге көмектесуге тырысамын. - Аустрия Турында қандай мақсат, міндеттерің бар? - Бабымды жақсарту үшін алғашқы бес күн ауыр болады. Соңына қарай жеңілдейтін сияқты. Жарыстың соңғы кезеңі жазық аймақта өтеді. Сол кезеңдерде жүлделі орындар үшін бағымды сынап көремін. - Маусымның алғашқы жартысы артта қалды. Бірақ алда әлі талай жарыстар бар. Маусымның екінші жартысына қандай жоспарларың бар? - Маусымның екінші жартысын осы Аустрия Турында бастамақпын. Мен үшін ең бастысы құлап қалмау қажет. Одан кейін біз шілде айының соңына дейін Ливиньоға жаттығу жиындарына барамыз. Ол жақта да олқылықтарға жол бермей, жақсы жүріп өтуіміз керек. Жоспар бойынша содан кейін Польша Турына қатысамын. Өз күшімді барынша сынап көргім келеді. Ол уақытқа дейін өзімді жақсы сезінетін шығармын деп ойлаймын. Әрине, барлығына үлгергім келеді. Бірақ алдын ала болжамай-ақ қояйық. Барлығы да аяқтың жүрісіне байланысты болады. Қазірше ең басты мақсатым Азия ойындары мен 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында өтетін Әлем Чемпионатына қатысып, үздік нәтиже көрсету болмақ.