Иранда өтіп жатқан волейболдан 18 жасқа дейінгі ерлер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екі ойын өткізді. Оның бірінде жас волейболшылар жеңіліс тапса, екіншісін жеңіспен аяқтады, деп жазады Олимпиада комитетінің ресми сайты.

Үндістан құрамасымен 30 маусым күні өткен матчта біздің құрама үш партия нәтижесі бойыншы ұтылды. Есеп: 21-25, 23-25, 21-25. Команда жеңіліске ұшыраса да, Марат Иманғалиев шәкірттерінің соңына дейін тырысқаны байқалып тұр.

Екінші ойында Қазақстан құрамасы Оманмен кездесіп, тартысты өткен матчта 25-23, 36-34, 25-19 есебімен басым түсті. Бұл кездесуде 19 ұпай жинаған Илья Чекурсков үздік ойыншы атанды.

Осылайша, үш ұпаймен өз тобында екінші орын иемденген қазақстандықтар келесі кездесуді Жаңа Зеландияға қарсы өткізбек.