Халықаралық бокс федерациясы (IBF) дәл қазіргі сәтте бос тұрған орта салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белдікке таласатын боксшыларды ресми түрде атады, деп хабарлайды prosports.kz сайты vRINGe.com-ге сілтеме жасап.Бұл атаққа аталған ұйымның рейтингісінде бірінші және үшінші орында тұрған украиналық Сергей Деревянченко (12-0, 10 КО) мен бұрынғы әлем чемпионы, америкалық боксшы Дэниэл Джейкобс (34-2, 29 KO) таласатын болады.Естеріңізде болса, IBF бұл титулды отандасымыз Геннадий Головкиннен (38-0-1, 34 КО) алып қойған еді. Себебі, GGG өзінің міндетті қарсыласы Сергей Деревянченкомен кездесуге келіспеген болатын.Дүйсенбіде IBF штаб-пәтері қос боксшының промоутерлеріне хат жазып, жекпе-жек ұйымдастыруды талап етті. Енді Деревянченконың промоутері Лу Дибелле (DiBella Entertainment) мен америкалықтың промоутері Эдди Хирн (Matchroom Boxing) 11 шілдеге дейін келісімге келуі керек. Егер келісімге келе алмаса, ұйым қос тарапты табысты теңдей бөлуге міндеттейтін болады.