Талғар қаласының тау шатқалында конкур спортынан халықаралық жарыс өтті.

Алматы облысы әкімінің және облыстық ат спорты федерациясының кубогы үшін ұйымдастырылған сынға Ресей мен Өзбекстан, Қырғызстан мен еліміздің бірнеше аймағынан 50-ге жуық үміткер келді. Жарысқа қатысушылар үшін ауа райы қолайлы болды. Жиналған жұрт алдымен 12-14 жастағы жас өрендердің өнерін тамашалады.

Карина Абулова «Посол» есімді сәйгүлігімен бас жүлдені иеленсе, «Асылды» тақымдаған Ростеслав Осипов екінші орыннан көрінді. Ресейлік Елизавета Ичетовкина «Фандорин» тұлпарымен қола медальды қанағат тұтты. Одан кейін Ақалетеке тұқымдас жануарларға кезек тиді. 100 см-лік биіктіктерден секірген сәйгүліктердің көбі сүрінсе, бабы келген санаулы тұлпар кедергілерден қиналмай қарғып жатты.

Атап айтар болсақ, Ксения Гаркушкина «Роваят» есімді сәйгүлігімен жарыс жеңімпазы атанса, «Катараны» баптаған алматылық Медет Мәулетбековке күміс жүлде бұйырды. «Аспандау» есімді тұлпарды тізгіндеген Нұрлан Досалы үздік үштікті түйіндеді.