Мексикалық боксшы Сауль Альварестің промоутері Оскар де ла Хойя Головкиннің командасымен жүргізіліп жатқан келіссөздерде ымыраға келуге ниет танытып отыр.

«Мен ешқашан ешкімге «Канеломен» өтетін жекпе-жек үшін 50% ұсынбаймын. Бұл мүмкін емес. А тарапы деген не ол? А тарапы - ол менің цифрларды белгілеп отырған файтерім, ол Б тарапынсыз-ақ, яғни Головкинсіз қажетті ақшаны жинай алады. Мысалы, Альварес Дэниель Джейкобспен жұдырықтасып, 750-800 мың ақылы көрерменді (PPV қаралымы) жинай алады», - деген Оскар де ла Хойя артынша ымыраға келу қажеттігін айтады.

«Былтыр 1 миллион доллар ақша тапқан, рейтингі Альвареспен салыстыруға келмейтін боксшыға мен не үшін 50% ұсынуым керек? Біз Головкинмен бокстасу идеясынан оңай ғана бас тарта аламыз. Оны, мәселен, Джейкобспен алмастыруға болады. Бірақ біз компромисс табуымыз қажет. Бокс үшін, «Канело» үшін, Головкин үшін ымыраға келуге тиіспіз. Өйткені жұрттың бәрі осы реваншты күтіп отыр», - дейді Оскар де ла Хойя BoxingScene.com-ға берген сұхбатында.