Әйелдер күресі Олимпиада ойындарының бағдарламасына 2004 жылы енгізілген. Сол тұстан бастап, Қазақстанда бұл спорт түрі қарыштап дамып келеді. Оған халықаралық жарыстардан жүлдесіз қайтпай, ел мерейін өсіріп жүрген спортшыларымыздың жеңісі дәлел. Сол бұрымды балуандарымыздың бірі - Айна Теміртасова. Жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы. Бір қызығы, Айна еркін күреске дейін грек-рим күресімен айналысқан. Әңгімеге көп ашыла бермейтін аруымыз prosports.kz тілшісіне сұхбат берген еді.

- Айна күреске қалай келді?

- Күрестегі алғашқы қадамымды Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Донецк ауылында бастадым. Күреске алғаш рет он жасымда сыныптасым арқылы кездейсоқ келдім. Балалық қызығушылық болған шығар, ол кезде чемпион боламын деген мақсат болған жоқ еді, тіпті спорт жолына келдім-ау деген ой да болмады. Тек балалармен алысып ойнау үшін баратынмын. Ал ата-анам нәзік жандыларға ер балалармен бірге жаттығу жасау, күресу артықтау деген пікірде болды. Сол себепті олар менің күреске баруыма қарсылық білдірді. Әрине, қыз баланың күресуі дінімізге, ұлтымызға жат нәрсе ғой. Оған қоса, қанымызда балуан түгілі спортшы да жоқ еді. Ұзақ уақыт оларды жағалап, көндіруге тырыстым. Кейін олардың рұқсатынсыз күрес залына қашып барып жүрдім. Бір-екі айдан соң олар менің күреске деген құлшынысымды көріп, ақыры келісімін берген болатын. Сөйте келе күрестің қыр-сырын тани бастадым.

- Ата-анам қарсы болды дейсіз... Әлпештеген әкеңіз бен аялаған анаңыз жайлы көбірек білсек деп едік.

- Қыз бала әкеге жақын болады демекші, мен әкемнің қызымын. Екеуміздің ұқсастығымыз да көп. Ол темір жолда қызмет жасайды. Ал анам өте мейрімді, жанашыр адам. Ол кісі үй шаруасын атқарады. Айта кетерім, анам орыс ұлтының өкілі. Бәлкім менің орыс тілінде көп сөйлейтінім де содан болар (күлді). Осы бастан айтып қояйын мен мұсылманмын. Қазір қасиетті Рамазан айы. Мен де құлшылығымды қаза қылмай отыз күн ораза ұстап жүрген жайым бар.

- Енді бапкерлеріңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз?

- Алғашқы бапкерім Бухмиллер Павел Викторович - грек-рим күресінің шебері. Күреске деген қызығушылығымды оятқан да сол кісі. Оның әр жаттығуы ойын түрінде қызықты өтетін. Себебі кейбір бапкерлер кішкентай балалар спортқа енді келген кезде шаршатып, бірден қинап жібереді. Балаға бірінші ойын керек. Павел Викторович бізді айламен күреске жетелеген еді. Өкіншке орай, Павел Викторович 2012 жылы, 59 жасында өмірден өтті. Кейін оның ұлы Леонид Павлович Бухмиллер мені Степногорск қаласының дарынды балаларға арналған спорт-интернатына берді. Жеке бапкерім деп те сол кісіні санаймын. Ал дарынды балаларға арналған спорт интернатында Евгений Николаевич Судейкин, Әділ Қуатович Тәженов, Айдар Шаймуратович Шайдулиндардың қол астында жаттықтым. Марқұм Павел Викторович іргетасымды қаласа, қалған бапкерлерімнің арқасында әлемдік аренаға шықтым. Олар әлемдік күресте қандай өзгерістер бар, жаңадан қандай әдіс-тәсілдер қолданылып жатыр, барлығын жіті бақылап отырады.

- Әлемдік арена демекші, Айна осы күнге дейін қандай жетістіктерге қол жеткізді?

- Шынымды айтсам өзімінің жетістіктерім түгелдей есімде жоқ (күлді). Десе де, негізгілерін айтып көрейін. Жасөспірім және жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында алты рет топ жардым. Сары құрлықтың додасында жеңімпаз және қола жүлдегер атандым. Төрт жылда бір келетін «Дети Азии» жарысында алтын медаль иелендім. Түркия, Беларусь елдерінде өткен халықаралық жарыстарда бас жүлдені олжалап қайтқаным да бар. Алайда, осы күнге дейін әттеген-ай деген сәттерім де аз болмады. Мәселен, әлем чемпионатының қоласы үшін таласта төрт рет сүріндім.