Бүгін Астананың 20 жылдығына орай елордада өтетін Аударыспақтан ІІІ және Теңге ілуден ІI Азия чемпионатын ұйымдастыру жөніндегі баспасөз мәслихаты өтті. Онда қос чемпионаттың жүлде қоры белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Биыл Ұлттық спорт қауымдастығы «Астананың 20 жылдығына 20 ұлттық-спорттық іс шара» кампаниясын бастады. Осы кампанияның алғашқы шарасы енді бір аптадан кейін, 1-2 маусым күндері Елордамызда өтеді. Ол - Теңге ілуден ІІ, Аударыспақтан ІІІ Азия Чемпионаты. Аталған сайысқа онға жуық елдің 50-ден аса спортшысы, ал жалпы құрамаларды қосқанда 100-ге тарта делегат қатысуы жоспарланған. Бір қарағанда, аз ел көрінгенімен, енді ғана насихаты жасала бастаған Теңге ілу мен Аударыспақ үшін бұл – үлкен нәтиже» - дейді Бекболат Тілеухан.