Қазақ күресінен дәстүрлі «Алматы Барысы» турнирінің чемпионы Түрксіб ауданының балуаны Дәурен Нұралинов болды, деп xабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Байрақты бәсекенің ақтық мәресінде ол Медеу ауданынан келген былтырғы чемпион 132 келілік Руслан Абдразақовты жеңді. Жеңімпаздың өзінің салмағы 122 келі.

- Мен турнирді ұтқаным үшін қуаныштымын. Жарысқа жақсы дайындалдым, финалда қарсыласым да мықты болды. Русланды жақсы білемін, ол атақты әрі үздік спортшылардың бірі. Енді, алда «Қазақстан Барысында» жеңіске жетемін деген үміттемін, - деді жеңімпаз Дәурен Нұралинов.

Ал үшінші орынды Түрксіб ауданының балуаны Жайдар Сайлаубаев пен Елдар Насиев (Алатау ауданы) сарапқа салды. Бұл жекпе-жекте жеңіске Жайдар Сайлаубаев жетті. Ол қола белбеуі мен 100 мың теңгені қанжығасына байлады.

Турнир чемпионына лада приора көлігінің кілті мен алтын белбеу, екінші орын иегеріне 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен күміс белбеуі табысталды. Енді олар «Казақстан Барысы-2018» турнирінде Алматының намысын қорғайтын болады.