«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары Ресейде өтетін футболдан Әлем чемпионатының ойындарын тікелей эфирден көрсетеді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

14 маусым - 15 шілде аралығында Ресейде Футболдан 2018 жылғы Әлем біріншілігі өтеді.

ФИФА-ның 21-ші футболдан Әлем чемпионаты Ресей Федерациясының 11 қаласында (12 стадион): Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Мәскеу, Нижний Новгород, Ростов, Самара, Санкт-Петербург, Саранск және Сочиде өтеді.

Алғашқы ойын 14 маусым күні Ресейдегі атақты «Лужники» стадионында өтеді. Топтық кезең 28 маусымда аяқталса, финалдық ойындар 15 шілде күні мәресіне жетеді. Бұл жарысқа әлемнен ең таңдаулы 32 ұлттық құрама қатысады. Сондай-ақ, Әлем біріншілігінде талай спорт жұлдыздарының шеберлігін тамашалай аласыздар.

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары трансляциялардан бөлек, қосымша тағы да бірқатар жобалар дайындауда.