Жуырда еркін күрестен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Биылғы дүбірлі додада еліміздің кіл мықты балуандары бақ сынады. Соның бірі, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы Дәурен Жұмағазиев. Ұзақ уақыт бойы боз кілемге шықпаған Алматы облысының тумасы ел біріншілігіне қатысып қана қоймай, күміс медаль иегері атанды. Prosports.kz тілшісі Қазақстан чемпионатынан кейін даңқты балуанымызбен кездесіп, аз-кем әңгіме өрбіткен еді.