Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Street Workout KZ» сайысын қолдауға бағытталған бастамасын «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров іліп әкетіп, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге жолдады.

«Challenge Street Workout KZ» байқауын қолдауға бұл жолы алғаш рет қыздар да қатысты. Ол талдықорғандық Азия чемпионы және самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері - Динара Жұмабаева.

«Мен дзюдо және самбо күресінен 4 жасымнан бастап шұғылдана бастадым. Бала кезімде мені билеуге мәжбүрледі, бірақ мен оны ұнатпай, ақырында қыздар өздерін қорғайтындай күшті болуы керек деп осы спортқа ауыстым», - дейді Динара.

«Street Workout» алаңы дәл бүгін екі сағат бойы керемет шоуға айналды. Алаңда бірі соққысының қаншалықты мықты екенін көрсетіп жатса, бірі штанга көтеріп, денелерін турникте бірнеше рет көтеріп, түрлі әдістерді көрсетті. Қатысушылар арасында балалар, жастар және ересек жастағы спортшыларда болды. Барлығы бір турниктен, екінші турникке өтіп әрқайсысы өзінше турниктерде шеберліктерін көрсетуге тырысты.

«Challenge Street Workout KZ» байқауының ауқымы күн сайын артып келеді. Осы сәнді және пайдалы жобаға Қазақстанның көпшілікке танымал тұлғалары да қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетуде.

«Мен эстафетаны ММА қауымдастығының вице-президенті Анатолий Ким мен грек-рим, фристайл және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбайға жолдаймын», - деді Ұлттық командалар мен спорт резервтері дирекциясының директоры Самат Ерғалиев.

Ерғалиев жолдамасын аяқтай салысымен, сөз кезегін «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров іліп әкетті.

«Мен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдамасын қабылдап, оны Геннадий Головкинге, сондай-ақ МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиевке жолдаймын», - деді Қазақстан барысы.