Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасын Алматыда салтанатты түрде қарсы алды.

Еске сала кетсек, сәуірде Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында Азия чемпионаты өтті. Сары құрлық бәсекесінің нәтижесінде сеньорлардың арасында көпсайыс дисциплинасында жеңімпаз болып Алина Әділханова атанды. Ол өзбекстандық гимнастшылар Сабина Ташкенбаева мен Нуриниссо Усмановадан басым түскен болатын.

- Мен бірнеше жүлдені жеңіп алдым, бірақ көпсайыстан олжалаған алтыным мен үшін ең қымбат. Өйткені бұл барлық түрлерден жинаған ұпайлар қорытындысы. Ең бастысы, мен үшін жақсы өнер көрсетіп, бапкерімнің көңілінен шығу болды. Ал баға туралы ойламауға тырыстым. Енді Азия ойындарына дайындалатын боламыз, – деп бөлісті жеңімпаз Алина Әділxанова.

Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова атап өткендей, бұл көптен күткен жеңіс, 2011 жылдан бергі алғашқы алтын.

- Біздің қыздар жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. Көпсайыстан, жеке, топтық жаттығулардан олжаланған жүлделерді айтпағанда, юниорлар арасында Роза Абитова Буэносе-Айроста өтетін Олимпиада ойындарына жолдаманы жеңіп алды. Сонымен қатар, ол осы спорт түрінің жеке түрлерінен үш алтынды жеңді. Осылайша біз елге жақсы нәтижелер және көңіл-күймен оралдық, – деп қорытындылады Әлия Юсупова.

Ал топтық жаттығулардан екінші орынды қазақстандық Регина Султанова, Даяна Жакупова, Анель Талғатбек, Джессика Будник, Жанерке Дәулеткулова жеңіп алды. Жапония құрамасы алтынан алқа тақса, ал қола жүлдені Малайзия спортшылары иеленді. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында отандастарымыз қарап қалмады. Топтық жаттығулардан Аруана Садубаева, Балқыз Елшібе, Дильноза Мансур, Ясмин Алиева, Дерия Токдемир сынды қыздарымыз күміс жүлдегер атанды. Бірінші орынға Қытай мемлекетінің өкілдері ие болса, үшінші орынды жапониялықтар алды.