Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін елордалық «Барыс» клубы қақпашы Хенрик Карлссонмен жаңа келісімшартқа отырды.

Қазақстан азаматтығын алған швед хоккейшісінің елордалық командамен келісімшарты келесі маусымның соңына дейін жасалған болатын. Алайда қос тарап келісімге келіп, келісімшартты бұзған еді. Дегенмен бүгін «Барыс» қақпашыға екі жылдық жаңа келісімшарт ұсынып, Хенрик Карлссонды командада алып қалған. Бұл туралы Құрлықтық хоккей Лигасының твиттердегі парақшасы жазды.

34 жастағы қақпашы Қазақстан азаматтығын алып, Ұлттық құрама сапында әлем чемпионатынының бірінші дивизионындағы «А» тобында өнер көрсетті. Басылымның мәліметінше, Хенрик Карлссон мансабын Швецияның SHL лигасының командаларының бірінде жалғастыруы мүмкін.

Айта кетейік, Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында біздің хоккейшілер бес ойында тоғыз ұпай жинады. Ұлыбритания, Польша және Венгрия құрамаларынан басым түсіп, Италия мен Словенияға есе жіберген Қазақстан ұжымы А тобында үшінші орынға жайғасты.

Топтың көшін Италия құрамасы бастады. Ал екінші сатыға Ұлыбритания құрамасы орналасты. Әлемдік лигаға топтан тек екі құрама ғана жолдама ала алады. Сол себепті үшінші орынды місе тұтқан біздің жігіттер жолдамадан қағылды.