WBA Super, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер 5 мамырдағы жекпе-жекте GGG-ге қарсыластың қалай ізделіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Головкинмен жекпе-жек өткізуге кандидаттар көп, бірақ бізге біреуін таңдау қажет. Дәл қазір біз бес боксшыдан құралған тізіммен жұмыс істеп жатырмыз. Кім екендерін айтпай-ақ қояйын. Негізгі мәселе – жекпе-жекке бір ғана ай қалды. Қарсыласымыз солақай болмайды. Оған кепілдік беремін. Головкин оңқайлармен спарринг өткізіп жүр, солақай боксшымен кездесуге дайындалған жоқ. Иә, Гэри О'Салливан – кандидаттардың бірі», - деді Леффлер.

Естеріңізге салсақ, Головкиннің 5 мамырдағы қарсыласы Сауль Альварес болуы керек еді. Алайда ақпанда мексикалық боксшының қанынан допинг табылған болатын. Кейін ол жекпе-жектен бас тартты.