Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалына шыққан «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары Алматыда екі кездесу өткізіп, екеуінде де жергілікті футзалшылар жеңіске жеткен еді. 6 сәуір өткен екінші ойын алматылық команданың бас бапкері Какау үшін қоштасу матчы болды. Аталған ойын 5:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген болатын. Осы кездесуден кейін «Қайрат» командасының шабуылшысы Серік Жаманқұлов prosports.kz сайтының тілшісіне ойын жайлы айтып берді.- Финалдың алғашқы екі матчында жеңіске жеттіңіздер. Бүгінгі кездесу қалай өтті? - Өз алаңыңда өткен ойын әрдайым маңызды. Тек жеңіске жету үшін ойнайсың. Бүгінгі ойын бірінші кездесуге қарағанда жоғары деңгейде өтті. Қауіпті сәттер де көп болды. Жалпы бүгінгі ойын көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын.- Сіздерді енді сырт алаңда екі матч күтіп тұр. - «Ақтөбе» өз жерінде, өз жанкүйерлерінің алдында керемет ойнайтын команда. Өте қиын ойындар күтіп тұр. Сонда да барымызды салып ойнап, екі матчта да жеңіске жетіп, чемпион болсақ дейміз.- Бәрімізге жақсы таныс Какау мырза командадан кетіп барады.- Бұл енді екіжақты келісім негізінде шешілген мәселе. Клуб басшылары Какау мырзаны жіберуге асығып тұрған жоқ, ол кісінің өзі де «Қайратты» қимайды. Сонда да ортақ осындай шешімге келіп отыр. Сол үшін әр екі жаққа да тиімді деп ойлаймын.- Команданың тізгінін тағы бір бразилиялық маман Каканың ұстайтыны белгілі болды. Бұл бапкер жайлы не айтасыз?

- Мен білгенде бұл бапкер де өте білікті маман. «Югра» клубының өз тарихында тұңғыш рет Ресей чемпионы атануына көмектесті. UEFA кубогын да ұтып алды. Осы нәтижелерінің өзі оның өте мықты бапкер екенін көрсетіп тұр. Менің ойымша, Кака бапкер Какаудан қалыспайтын маман.

- Ел чемпионаты аяқталуға жақын. Биылғы чемпионат қалай өтті, бәсекелестік қалай?

- Биыл ел біріншілігінде бәсекелестік өте жоғары. Әсіресе, «Ақтөбе» командасының деңгейі жоғары. Оның үстіне, олардың жас ойыншыларының шеберлігі де көп өскен. Маңызды ойындарда еш қымсынбай, сауатты өнер көрсетіп жүр. Бұлардан бөлек «Жетісу», «Аят» клубтары да өте мықты. Командалар осы алған бетінен таймаса, Қазақстан чемпионатының да деңгейі көтерілетін болады. - Сұқбат бергеніңізге рақмет.