«Қайрат» футзал клубының бас бапкері Какаудың командамен қоштасар сәті жақын. Қазақстан чемпионатының финалы аясында «Ақтөбе» командасымен Алматы қаласында өткен екінші ойын Какау үшін қоштасу матчы болды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.Осы ойын алдында клуб тарихындағы ең табысты бапкерге арналған марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге клуб президенті Қайрат Оразбеков, авиация генерал-майоры, қазақстандық ғарышкер, «Қайрат» клубының жанкүйері Айдын Айымбетов және Қазақстан футзал ассоциациясының президенті Лев Ким қатарлы құрметті қонақтар қатысып, сөз сөйледі.- Мен де сіздер секілді футзалды сүйемін, әрі алматылық «Қайратқа» шын жүректен жанкүйермін. Какау - Қазақстан футзал тарихындағы үздік бапкер. Оның есімі ұлттық құраманың және «Қайраттың» барлық жетістіктерімен байланысты. Өкінішке орай, ол Қазақстандағы жұмысын аяқтады. Біз оған атқарған жұмыстары үшін алғыс айтамыз және оның бапкерлік мансабына үлкен жетістіктер тілейміз, - деді Айдын Айымбетов.- Какау 2013 жылдан бастап командамызда ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де өте көп жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде клуб екі мәрте UEFA Кубогын, Суперкубокты және төрт мәрте Еременко кубогын жеңіп алды. Какау - тамаша жаттықтырушы. Ол «Қайратты» , қаланы, жанкүйерлерді жақсы көреді және мәңгі біздің досымыз болып қалады, - деді Қайрат Оразбеков. Какау бапкерге командадағы барлық ойыншылардың қол таңбасы қойылған клубтың жейдесі сыйланды. Сонымен қатар, «Қайрат» АФК рәміздері бар қазақ шапаны жабылды. Өз кезегінде жаттықтырушы басшылыққа, жанкүйерлерге алғысын білдіріп, Қазақстанды әрдайым өз елі деп білетінін айтты.