UFC 223 турнирі қарсаңында Нурмагомедов Конор Макгрегордың жақын досы Артем Лобовпен қақтығысып қалған болатын. Prosports.kz Артем Лобовтың кім екендігін және Нурмагомедовтың неліктен оған тиіскендігін анықтап көрмек.

Өткен сәрсенбі күні UFC чемпиондығына үміткер Хабиб Нурмагомедов Артем Лобовпен сөзге келіп қалды. Кейін бұл жағдай Нурмагомедов командасының араласуымен қақтығысқа ұласты.

Төмендегі видеодан қақтығысқа Хабибтің менеджері Абдель Азиз, допингпен ұсталған Зубайра Тухугов және Ислам Махачев пен Омар Нурмагомедов қатысқандығын көруге болады.

Көпшілікке «Конордың егізі» ретінде танылған қазақстандық Ислам Бадургов та бұл жанжалдан шет қалмады. Видеода оны Тухугов жеке шақырып алып сөйлескен.

Зубайра мен Конордың арасы ежелден дұрыс емес. Алғашында ол Лобовты кездесуге шақырып, кейін Макгрегорға тіл тигізген.

Бірнеше ай бұрын Бадургов ММА-да өнер көрсету мақсатында Макгрегордың залында жаттығуын бастаған.

Лобов болса Қазақстанда өткен Fight Night Global 80 турнирінде өзінің досы Питер Куиллиді қолдау мақсатында келген болатын.