Футболдан жастар арасында өтетін Еуропа чемпионатының іріктеуіне қатысып жатқан Қазақстан жастар құрамасы «Астана Аренада» Люксембургтен келген құралпастарын қабылдады.

Талған Байсуфиновтан тәлім терген Қазақстан жастары бірнеше күн бұрын Франциядан оңбай ұтылған.

Бүгінгі өткен ойында Қазақстан жеңіске жетсе топтан екінші болып шығатын мүмкіндік сақталатын еді. Бұны жақсы түсінген отандастарымыз төреші ысқырығы естілісімен қарсылас қақпасын нысанаға алды. Нәтиже де ұзақ күттіре қойған жоқ. Алматылық «Қайрат» клубының намысын қорғайтын Ян Вороговский айналдырған үш-төрт минут ішінде екі гол соғып Қазақстан жастар құрамасына үлкен басымдық алып келді. Кездесудің бірінші тайммында өзге гол соғыла қоймады.

Екінші тайм да біздің жастардың басымдығымен өтті. Қонақтардың сирек шабуылдары біздің қақпашыға аса қатты қауіп төндіре қоймады. Қазақстан жастар құрамасы үшінші голын пенальтиден салды. Қонақтардың қорғаушысы айып алаңында допты еркін қабылдап соққы жасауға оқталған Максим Фединді шалып жыққан. Төреші пенальти берумен шектелмей тәртіп бұзған қорғаушыны алаңнан қуды. Ал Максим он бір метрлік айып добынан мүлт кетпей есепті 3:0 жеткізді. Осы есеп ойын соңына дейін сақталып Қазақстан жастар құрамасы осы іріктеудегі екінші жеңісіне қол жеткізді.

Естеріңізде болса қазақстандықтар алғашқы үш ұпайын да дәл осы Люксембургпен болған ойында еншілеген болатын.

Бүгінгі ойыннан соң Қазақстан жастар құрамасының жинаған ұпай саны тоғызға жетті.