Қазақстан жастар құрамасы «Астана Арена» стадионында Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Люксембург жастарымен күш сынасуда. Кездесудің алғашқы таймы 2:0 есебімен біздің жігіттердің пайдасына шешілді. Төрт күн бұрын Франция футболшыларынан жеңілген қазақстандық жастар бар ашуын бүгінгі қарсыластарынан алуға шындап бекініп шыққан секілді.Талғат Байсуфинов шәкірттері жанкүйерлердің қуанышына орай ойынды өте керемет бастады. Жылдам шабуылдардың бірінде Антипов гол соққан еді, алайда қапталдағы төреші Иванның ойыннан тыс қалғанын байқап қалыпты.Бұған бола жасымаған жігіттер шабуылды үдете түсті. Әрі матчтың 15 минуты өтпей екі гол соғып, қонақтарға тізе батырды. Ойынның 11-ші және 13-ші минутында қарсылас қақпашысын қапы қалдыра білді. Екі голды да алматылық «Қайраттың» ойыншысы Вороговский соқты. Алғашқы голға Соколенко пас берсе, екінші голдың соғылуына Антипов мүмкіндік жасады.